Қазақстан авиациялық әкімшілігінің өкілдері әуе апатына жол бермеу үшін еліміздің барлық авиатасымалдаушылары мен авиациялық инфрақұрылым объектілеріне жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін айтты. Бұл туралы “ҚазТАГ” ақпарат агенттігі хабарлады.
Тексеру кезінде Azee Air және Sigma Airlines сияқты авиакомпаниялар біздің республикамыздың және Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының заңнама талаптарын сақтамайтыны анықталды. Осыған байланысты бұл авиатасымалдаушылардың пайдаланушы сертификаттары уақытша тоқтатылды.
Қазақстан авиациялық әкімшілігінің мәліметі бойынша, жоспардан тыс тексеруді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында жүргізілді.
Қазіргі уақытта біздің елімізде тұрақты және тұрақты емес рейстерді орындайтын жұмыс істеп жатқан 60 авиакомпания тіркелген. Олардың ішіндегі ең ірісі Air Astana әуе компаниясы.
Бұған дейін ұшағы өткен жылдың желтоқсан айында апатқа ұшыраған Bek Air әуе компаниясының пайдаланушы сертификатын және оның барлық әуе кемелерінің ұшу жарамдылығын қайтарып алғаны туралы хабарланған болатын. Бұл авиатасымалдаушыда анықталған елеулі бұзушылықтарға байланысты жасалды.