Атырау облысының бас санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабылов онлайн-брифинг өткізіп, бұрын коронавирус өршіген Теңіз кен орнындағы эпидемиологиялық жағдай туралы хабарлады, деп жазады tengrinews.kz ақпарат агенттігі.
Байғабыловтың айтуынша, кен орнындағы коронавирус инфекциясы жағдайы тұрақты, аурудың жоғары деңгейі байқалмайды.
Сонымен қатар, ол Атырау облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 160-210 жағдайы күн сайын тіркелетін, осы көрсеткіш бойынша кен орнына шамамен 40%-ы келетінін айтты.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдыкапаров өз кезегінде Теңізде коронавирусты жұқтырудың 2166 жағдайы анықталғанын, ал 1247 адам осы аурудан емделгенін айтты.
Сонымен қатар, Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайларының жалпы саны 9057, ал Қазақстан Республикасында барлығы 70339 жағдай тіркелді. Дегенмен, 43029 вирустан емделді.