Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы Вячеслав Локшин Қазақстан Республикасында осы жылдың 5 шілдесінен бастап жұмыс істей бастаған карантин тәртібі жөнінде айтты.Бұл туралы tengrinews.kz ақпарат агенттігі жазады.
Бастапқыда Қазақстанда карантин екі аптаға енгізілді. Кейін Үкімет мүшелері індеттің таралуын болдырмау мақсатында оны ағымдағы жылдың 2 тамызына дейін ұзартты.
Вячеслав Локшин, өз кезегінде, республикамызда карантинді 2020 жылдың соңына дейін ұзарту қажет деп санайды.
“Карантинді ұзарту – өте дұрыс шара. Менің ойымша, ол жылдың соңына дейін ұзартылуы керек. Біз көптеген стадиондарды төсекпен қамти аламыз. Бірақ бұл мәселені шешу емес. Бізде қаржы мүмкіндігі бар болса да, сонша дәрігерлер жоқ. Пандемиямен тек карантин арқылы күресуге болады”, – деді медицина ғылымдарының докторы.
Сондай-ақ, Локшин азаматтарға үндеу жасап, бірқатар ұсыныстар берді. Атап айтқанда, ол тек қана ресми ақпарат көздеріне сенуді, белгіленген карантиндік шараларды сақтауды, ал коронавирустың жеңіл белгілері пайда болған жағдайда тек “Парацетамол” және “аскорбин қышқылын” қабылдауды ұсынды.
Қазіргі уақытта біздің елімізде коронавирустық инфекцияны жұқтыру жағдайлары 70339-жетті. Дегенмен, 43029 адам вирустан емделді.