Мемлекет басшысы Павлодар облысына сапарын “Қазақстан электролиз зауыты” АҚ-нан бастады. Онда Президент еңбек ұжымдары және облыс ардагерлерімен кездесті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Президенттің жұртшылықпен кездесуі кезінде № 34 мектептің физика пәнінің мұғалімі Жасұлан Меңдібаев сөз сөйледі. Павлодар қаласының жас педагогы оқушыларды қызықтыру үшін физика пәнінен есептер жинағын құрғанын айтты. “Менің алдыма қойған басты міндетім – пәнге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу. Көптеген адамдар физиканы күрделі пән деп ойлайды,бірақ менің ойым басқаша. Өз сабақтарымда мен нақты өмірлік жағдайлар мен мысалдар арқылы практикалық-бағытталған тәсілдерді ғана қолданамын. Сондықтан “Физиканың инфографикасы” атты оқу құралын құру қажеттілігі туындады, ол оқушыларыма физиканы күнделікті өмірде қызықты және танымды ғылым ретінде қабылдауға көмектеседі”, – деді педагог.
Қасым-Жомарт Тоқаев тыңдағаннан кейін жас мұғалімнің авторлық құралына қызығушылық танытып, оған бір данасын сыйлауды сұрады. “Мен бос уақытымда шешемін. Мектепте оқыған кезімде физика маған ұнады. Бірақ мен үлкен жетістіктерге жете алмадым. Эйнштейн менен шықпайтынын уақытында түсіндім. Бірақ, негізінен, бос уақытыңда физика мен шет тілдері миға жақсы жаттығу жасайды”, – деді Тоқаев жұртшылықпен кездесу кезінде.
Сурет:Фото:tengrinews.kz