“Роскосмос” мемлекеттік корпорациясының өкілдері Байқоңыр ғарыш айлағында “Ғылым” деп аталатын Халықаралық ғарыш станциясына ресейлік модульді ұшыруға жүргізіліп жатқан дайындық жайын хабарлады.
Модульді дайындаумен Роскосмос құрылымына кіретін “Энергия” зымыран-ғарыш корпорациясының мамандары айналысып жатыр.
Ресей мемлекеттік корпорациясы Байқоңырға модуль теміржолмен жеткізілгенін еске салды. Жеткізілгеннен кейін аппарат бандаж сақиналарына орнатылып, монтаждау-құрастыру жұмыстарын жүргізу үшін жұмыс орнына орнатылды.
Бүгінгі таңда “Энергия” корпорациясының қызметкерлері телекамералар блогын орнату және белсенді гибридтік агрегатына жалғағыштарды түйістіру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, мамандар ғарыштық эксперименттерде қолданылатын ғылыми аппаратураны орналастыруға арналған құрылғыларды монтаждады.
“Роскосмостың” айтуынша, өткен аптада “Энергия” корпорациясының қызметкерлері антенналардың жұмыс қабілеттілігін және күн батареяларының ашылу механизмін тексерді.
Қазіргі уақытта ғарыш айлағында модульді ғарышқа ұшыруға дайындау жалғасуда. Жалпы, бұл жұмысты орындау үшін шамамен 9 ай қажет.
Модульді келесі жылдың сәуір айында орбитаға шығару жоспарланып отыр. Мұны Протон-М ауыр зымыран тасығышының көмегімен орындау ойластырылуда.
Сурет: roscosmos.ru