Әлемдік сауда елдер арасындағы сенімді қалпына келтіруді қажет етеді, сауда қырқыстары мен халықаралық істердегі «ережесіз күрес» ахуалынан шығу керек, деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путин Душанбеде Азиядағы өзара іс-қимыл және Сенім Шаралары Кеңесінің (АӨСШК) саммитінде, деп хабарлайды «Азия плюс» агенттігі.
Оның айтуынша, өзара әділ экономикалық іс-қимыл нормаларын бекіту қажет. «Әлемде нақты сауда соғысы өршіп тұр, өкінішке орай, бәсекелестерді қорқыту және оны жойып жіберу әдістері қолданылып, ережесіз шайқастар жүріп жатыр. Бұл жағдайда біздің ұжымдық күш-жігеріміз осыдан шығу үшін жұмылдырылуы қажет. Ең алдымен сауда және санкциялық шектеулерден әлеуметтік-гуманитарлық саланы, атап айтқанда бірінші қажеттілік тауарларын, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтарды шығару қажет. Менің ойымша, мұнымен келіспеу қиын», — деді РФ Президенті.
Ол сондай-ақ Ресей Азия елдері арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.
«Өңір қазір жаһандық өсудің локомотиві болып табылады. Мұнда ірі өнеркәсіптік және технологиялық орталықтар орналасқан, қуатты қаржылық, адами, зияткерлік ресурстар шоғырланған. Осының барлығы өңірге бірегей бәсекелестік артықшылықтар береді және мұндай артықшылықтарды тұрақты және серпінді дамуды қамтамасыз ету үшін,жалпы игіліктер үшін толық көлемде пайдалану қажет», — деп атап өтті Путин.
Ресей тарапы осы бағыттағы жұмысқа ерекше мән береді. Ресей бастамасы бойынша 2015 жылы аталған форум аясында АӨСШК-ге қатысушы елдердің бизнесмендерінің қатысуымен іскерлік кеңес құрылды, ал қазіргі саммитке шағын және орта кәсіпорындар арасында өзара іс-қимыл туралы меморандум дайындалды», — деді ол.
Ол сондай-ақ Ресей өзара сауданы ұлғайтуды, протекционизмнен, заңсыз санкциялардан, саяси дәлелді шектеулер мен кедергілерден бас тартуды жақтайтынын атап өтті.
«Біз инвестициялық ынтымақтастықтың жан-жақты тереңдетілуіне, ДСҰ-ның әмбебап ережелері негізінде тең құқықтылық, құрметтеу және бір-бірінің мүдделерін ескере отырып, өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтыламыз», — деді Путин.




