Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының XV форумына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Туризм дамуының жаңа тәсілдері мен үрдістеріне арналған форумның жұмысына өңірлер мен облыстардың басшылары, екі елдің салалық мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Форум өздерін тиімді мемлекетаралық алаң ретінде танытқанын атап өтті.
“Форум құрылған уақытта біздің елдеріміздің саяси-экономикалық өзара іс-қимылының маңызды институтына айналды. Бұл пішім посткеңестік кеңістікте модель болды. Өткізілген форумдар аясында біз 200-ден астам келісім-шарттар мен келісімдер қабылдадық. Бұл құжаттарды жүзеге асыру тек өңірлерге ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Ресей экономикасының тұтас салаларына да айтарлықтай серпін береді”, – деп мәлімдеді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы Қазақстанның стратегиялық одақтастары мен маңызды сауда-экономикалық әріптесі болып табылатынын атап өтті.
“Ағымдағы жылдың 8 айында біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 11 миллиард доллардан асып, жыл соңына қарай ол 18 миллиард долларды құрауы мүмкін. Өзара саудада өңделген тауарлардың үлесі 82% – ға жетіп, өсе беретіні қуантады. Ресей өңделген өнімнің қазақстандық экспорты үшін ірі нарық болып табылады”, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сондай-ақ мұнай-газ саласындағы, тау-кен металлургия және агроөнеркәсіп кешеніндегі, химия өнеркәсібіндегі және басқа да секторлардағы инвестициялық ынтымақтастықтың нәтижелеріне тоқталды.
Жаһандық экономикадағы туризм саласының негізгі маңыздылығын атап өте отырып, Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің туристік әлеуетін тиімді пайдалану және оны одан әрі дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттілігіне назар аударды.
“Бүгінгі Форум өте маңызды және өзекті мәселе – біздің елдерімізде туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістеріне арналған. Туризм жаһандық экономикалық дағдарыс кезеңінде де экономиканың өсу құралы болып табылады. Қазақстан мен Ресей осы процестерден тыс қалуға болмайды. Бізге ашылатын мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет”, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сондай-ақ қатысушыларды туристердің келу ағынын ұлғайтуға және 60 мыңнан астам жұмыс орнын құруға бағытталған ҚР-да туризмді дамытудың бес жылдық мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу барысы туралы хабардар етті.
“Екіжақты туризмді дамыту сияқты ынтымақтастықтың маңызды бағытына жеке тоқталғым келеді. Ресейде де, Қазақстанда да бос уақыт өткізуге болатын көптеген тартымды орындар бар және не көруге болады. Мысалы, ресейліктер, әсіресе елдің батыс сібір бөлігінен жазда Бурабайға, Балқаш және Алакөл көлдеріне, қыста Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортына және басқа да орындарға демалуға барады”, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ екіжақты туризмді дамыту саласындағы бірқатар мәселелерді атап өтті, оларды шешу уәкілетті органдардың қатысуын талап етеді. Олардың ішінде туристерді жайлы өткізу мақсатында шекаралық өткелдерді жаңғырту; туристік және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру; Каспийдегі туризмнің бірлескен күш-жігерімен дамыту; ғарыштық туризмнің қалыптасуына жәрдемдесу және т.б.
Қазақстан Президенті осы Форум екіжақты өңіраралық іскерлік қатынастарға жаңа серпін беретініне, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының жаңа көкжиегін ашатынына сенім білдірді.
Форумда айтылған барлық баяндамалар мен пікірлерді түйіндей келе, Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президентіне екі елдің үкіметтеріне туристік ағындарды ұлғайту мақсатында екі елдің аймақтарын байланыстыратын автомобиль, темір жол және авиациялық қатынастарды дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.
“Туристердің шекаралық бақылаудан барынша қолайлы өтуі үшін барлық жағдай жасау қажет. Қазақстан-ресей шекарасындағы өткізу пункттерінің инфрақұрылымы және оларды техникалық жарақтандыру адамдар мен көлік құралдарын өткізу қарқындылығына сәйкес келмейді. Осыған байланысты біздің елдеріміздің үкіметтеріне осы мәселелерді бірлесіп шешу маңызды”, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан басқа, Қазақстан Президенті визалық және көші-қон режимдерін оңайлатып, көрші елдермен Каспий теңізіндегі туризм бойынша ынтымақтастық архитектурасын құруды, сондай-ақ медициналық және білім туризмін дамыту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.
“Байқоңыр ғарыш айлағының әлемдік тарихындағы бірегей ұшыру алаңдарында бірлескен күш-жігермен ғарыш туризмін дамыту қажет. Осы мәселелердің кейбірі туризмді дамытуға жауапты министрлермен келесі жылға арналған бірлескен іс – қимыл жоспарына енгізілді”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында “Астана” халықаралық қаржы орталығын іске қосу жөніндегі жұмыстың нәтижелерін атап өтіп, Мемлекет басшысы бизнес-қауымдастықты АХҚО мен оның базасында құрылған қаржы институттарының жұмысына белсенді қатысуға шақырды.
Форум қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды:
– Қазақстан мен Ресейдің 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;
– ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары және перспективалы өңірлік бастамалардың тізбесі;
– ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен РФ Экономикалық даму министрлігі арасындағы “Қазақстан-Ресей” шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын дайындау және іске асыру жөніндегі ниеттер туралы Меморандум»;
– ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен РФ Экономикалық даму министрлігі арасындағы Туризм саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандум;
– 1994 жылғы 10 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы “Байқоңыр” кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттама;
– 2006 жылғы 3 қазандағы ҚР және РФ шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама.
Ақпарат көзі: NUR.KZ