Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында мүгедектікті анықтау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бүгінгі таңда 345 онлайн-өтінім қабылданды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
«Емделуші туралы деректерді жинау емханада өтіп, мүгедектікті белгілеу жолдамасымен бірге Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйелеріне беріледі»,-деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай тәсіл адам факторын алып тастауға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Мүгедектікті белгілеуге арналған барлық өтінімдерді тәуелсіз дәрігерлер қарайтын болады.
«Сонымен қатар, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері пациентті куәландыру кезінде республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер тағайындауға құжаттарды қабылдайды. Осылайша, адамның бірнеше ұйымға қосымша жүгінулері алынып тасталады», – деп түйіндеді Нариман Мұқышев.