Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілдері Мәскеуде “Орталық Азия: Әзірбайжан, Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстандағы итальян компанияларының болашағы мен мүмкіндіктері” тақырыбында дөңгелек үстел өткенін хабарлады.
Ресей Федерациясындағы Италия елшілігінің қолдауымен Ресейдегі итальяндық өнеркәсіпшілер қауымдастығы мен “Павио және Ансальдо” заң компаниясы ұйымдастырған бұл іс-шараның басты мақсаты Ресейде жұмыс істейтін итальяндық компаниялар өкілдерін жоғарыда аталған елдермен ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарымен таныстыру болып табылады.
Қазақстан тарапынан дөңгелек үстел жұмысына сыртқы саяси ведомствоның ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Олжас Исабеков пен “Астана” халықаралық қаржы орталығының саясат жөніндегі бас кеңесшісі Әмина Тұрғұлова қатысты.
Іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген қазақстандық дипломат бүгінгі таңда Италия біздің республикамыздың Еуропалық Одақ елдері арасындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі болып табылатынын атап өтті.
Сонымен қатар Олжас Исабеков Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарындағы инвестициялық қызметтің негізгі перспективті бағыттары туралы айтты.
Өз кезегінде итальяндық компаниялардың өкілдері еліміздің тартымды инвестициялық ахуалын қалыптастыруға қомақты үлес қосатын “Астана” халықаралық қаржы орталығының жұмысына назар аударды.
Сондай-ақ, итальяндық тарап біздің республикадағы жұмыс туралы өз пікірімен бөлісті және Қазақстанда дөңгелек үстелде ұсынылған елдердің арасында шетелдік инвесторлар үшін ең қолайлы жағдайлар бар екенін мәлімдеді. Осыған байланысты Италияның іскер қоғамдастықтарының өкілдері Қазақстан Республикасының іскерлік мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі зерделеу туралы шешім қабылдады.
Шара соңында қазақстандық дипломат,біздің республикадағы қызметке ерекше қызығушылық танытқан,Ресейде жұмыс істейтін итальяндық компаниялардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.