Бүгінде еліміз дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етілген. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында мәлімдеді, деп “ҚазАқпарат”ХАА хабарлайды.
“Ауруханаларда КВИ емдеуге арналған дәрілердің айлық қоры, “Фармация” СК қоймаларында және дәріханаларда – екі айлық қоры қалыптастырылған. Барлық өңірлерде 18 млрд теңгеге дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорлары құрылды”, – деп Алексей Цой сендірді. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы ауруханалар мен дәріханаларға жүктемені азайту мақсатында тамыз айынан бастап амбулаториялық деңгейде КВИ емдеу үшін 1 млн.пациентке қоры бар дәрілердің 5 түрі тегін берілетінін айтты. “Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлескен жұмыс жүргізілді, нәтижесінде 232 антиковидті препараттардың құны орта есеппен 27% – ға төмендеді. Медициналық бетперделер еркін сатылымда орта есеппен 20 теңгеден сатылады, қоймаларда 21,5 млн. дана көлемінде жеткілікті қор қалыптастырылған. Медициналық ұйымдар жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген, өңірлердің әкімдіктері 3 айлық қорды қалыптастырды”,-деп Алексей Цой түйіндеді.