Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізді. Мониторинг қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар арасында 4,73 балл немесе 80,3% жинап, бірінші орынды Ақмола облысы иеленді, деп хабарлайды “ҚазАқпарат” ХАА ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отыра.
Екінші және үшінші орындарды Павлодар (4,71 немесе 78,4%) және Шығыс Қазақстан (4,68 немесе 77,2%) облыстары ие болды. Мониторингте қызмет алушылардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, қол жетімділігі және тәртібіне қанағаттану деңгейі анықталды, сондай-ақ қызмет көрсету кезінде проблемалық мәселелерді шешу кірді. Зерттеу қызмет берушінің ғимараты мен сервистеріне қолжетімділік, қызметті алу кезіндегі ыңғайлылық пен жайлылық, пайдалы ақпараттың қолжетімділігі, персонал мен виртуалды кеңес берушілердің жұмыс сапасы, күту мерзімі мен уақыты, шығындар, кері байланыс сияқты өлшемшарттар бойынша жүргізілді. Еліміздің барлық өңірлерінде 9 мыңнан астам респонденттен, оның ішінде 260-тан астам елді мекен және басқа елдердің тұрғындарынан сауалнама алынды. Мониторинг барысында қызмет алушылар мемлекеттік органдардың шағымдарға кері байланысқа әлсіздігі, Мемлекеттік ашық мүмкіндіктерді көрсету тәртібі туралы қажетті ақпаратты іздеудің қиындығына наразылық білдірді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет көрсетудің жекелеген процестерін автоматтандыру, ақпараттық жүйелерді “электрондық үкімет” порталымен интеграциялау бойынша ұсыныстар түсті. Облыс мемлекеттік қызмет көрсету сапасы рейтингінде төртінші жыл қатарынан бірінші орынды иеленіп отырғанын атап өткен жөн.