Алдын ала есептеулер бойынша, салықтық рақымшылық жасауға орта және шағын бизнестің 90 077 субъектісі түседі. Бұл туралы мемлекеттік кірістер Комитетінде хабарлады, Zakon.kz.
“2018 жылғы 5 қазандағы” қазақстандықтардың әл – ауқатының артуы: табыстар мен өмір сүру сапасының артуы” атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап негізгі қарыз сомасын салық төлеуші төлеген жағдайда есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару арқылы шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылық жасауды тапсырды”, – деді ведомстводан.
Әзірленген түзетулер 2018 жылғы 1 қазандағы негізгі қарызды 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін өтеу шартымен шағын және орта бизнеске өсімақылар мен айыппұлдарды есептен шығаруды қарастырады.
Бұл ретте айыппұл сомасы 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша есептен шығарылады.
“Мемлекет басшысының салықтық рақымшылық жасау туралы тапсырмасы бизнеске жұмысты таза парақтан бастау мүмкіндігін беруге бағытталғанын ескере отырып, өсімақылар мен айыппұлдарды есептен шығару салық кодексіне немесе оңалту және банкроттық туралы заңнамаға сәйкес салықтарды төлеу бойынша кейінге қалдырылған немесе оңалту рәсімінде тұрған салық төлеушілерге де қолданылатын болады”, – деп түсіндірді МКК.
Алайда салық рақымшылығы жасалмайды:
– мониторингке жататын ірі салық төлеушілер;
– жер асты суларын, емдік балшықты өндіру құқығына ие болғандықтан ғана осындай болып табылатын жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушылар;
– акцизделетін өнім өндірушілер;
– кәсіпкерлік қызметпен немесе жеке практикамен айналыспайтын жеке тұлғалар.
“Жоғарыда көрсетілген критерийлерді ескере отырып, Комитеттің есептеулері бойынша рақымшылық жасауға 90 077 орта және шағын бизнес субъектісі (31 210 заңды тұлға және 58 867 ЖК) жатады.
Бұл ретте есептен шығаруға жататын өсімақылардың жалпы сомасы 122,9 млрд теңгені, айыппұл – 7,3 млрд теңгені құрайды.