ҚР Президенті телефон арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен өңірлердің ағымдағы жағдайын талқылады, деп хабарлайды zakon.kz.
Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook-тегі хабарламасы бойынша, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, су тасқынына қарсы қабылданған іс-шаралар, вакцинация барысы, Аршалы және Целиноград аудандарын табиғи газбен қамтамасыз ету, сондай-ақ Қосшы ауылындағы әлеуметтік және инженерлік-инфрақұрылымдық жағдайды жақсарту бойынша бұрын Президент берген тапсырманың орындалуы туралы есеп берді.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, су тасқынына қарсы іс-шаралар, көктемгі дала жұмыстарына дайындық, “Еңбек” бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс күші мол өңірлерден қоныс аударған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы баяндады”,-деп жазды Уәли.
Сөйлескеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Маржықпаев пен Құмар Ақсақаловқа өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға, көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізуге және басқа да мәселелерге қатысты бірқатар тапсырма берді.