Қазақстан мен Үндістан Қарулы Күштерінің тау бөлімшелері Алматы қаласындағы спорт комитетінің тау дайындық орталығы базасында бірлескен оқу-жаттығудың бірінші кезеңін өткізді. Бұл туралы қорғаныс ведомствосының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша, екі елдің әскери қызметшілері екі апта бойы Іле Алатауы тауында өз дағдыларын шыңдады. Олар оқу-сақтандыру стендінде жұмыс істеді, зардап шеккенді қолда бар құралдармен тасымалдады, тау өзендері арқылы өту бойынша тәжірибе алмасты.
Бірлескен оқу-жаттығудың бірінші кезеңінің соңында әскери альпинистер Амангелді шыңына және Нұрсұлтан шыңына көтерілді.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тау дайындау орталығы бастығының орынбасары Аманжол Рахметов тау орындары жағдайындағы бірлескен оқу-жаттығулар екі елдің әскери қызметшілерінің пайдасында өткенін хабарлады.
“Біздің альпинист жаттықтыру жүйеміз басқа елдерде өте танымал. Өйткені біз альпинистердің кеңестік мектебінің тәжірибесі мен жаттығу жүйесіне негіздеп, осы тәжірибені заманауи техникалармен ұштастырамыз. Өз кезегінде біздің Үндістаннан келген әріптестеріміздің таулы жерлерде жауынгерлік іс – қимылдарды жүргізу тәжірибесі мол,сондықтан альпинистер даярлауда бізге жаңа дағды мен техникаға үйренуге мүмкіндік берді”, – деді Рахметов.