ҚР Премьер – министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды, онда ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі қабылданып жатқан шаралармен және мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі тапсырмаларының орындалуымен танысты. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.
Мамин ауыл шаруашылығы машиналарын жасау кәсіпорнына – “Қазақстан Агро Инновационная Корпорация” ЖШС барды. Бүгінде зауыт жылына 1500 бірлік техника шығарады. Келешекте жылына 5000 бірлік ауыл шаруашылығы техникасының қуатын арттыру және 400-ден астам жұмыс орнын құру жоспарланды.
“КамАЗ-Инжиниринг” бірлескен қазақстандық-ресейлік машина жасау кәсіпорнының жұмысын қарау кезінде индустриялық дамумен танысу жалғасын тапты. А. Маминге жақын арада жылына 2500 бірлік көлеміне шығару жоспары бар екенін мілімделді.
ҚР премьер-министрі өңірдегі “қарапайым заттар экономикасы” жобасын қарап шықты. “Екі КИТ” ЖШС ағымдағы жылдың басынан 12,7 мың дана корпустық жиһаз өндірді. Өндіріс көлемін ұлғайту мен сызбаны кеңейту жоспарда. Бұл мақсатқа 1 млрд теңге жеке инвестициялар тартылатын болады. Облыста халық тұтынатын тауарларды дамытуға 87,6 млрд теңгенің 71 жобасы бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ақмола облысында экономикадағы туризм үлесін арттыру үшін үлкен перспективалар бар. Өңірлік туристік кластерге 700-ден астам нысан кіреді. Премьер-министрге қаланың көліктік және энергетикалық инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар Көкшетау қаласының аумағында орналасқан Қопа көлі жағалауын абаттандыру жобасы ұсынылды.
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ алдағы 2020 жылы өтетін Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығының XVII форумына дайындық, Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарын, “Ауыл-ел бесігі” арнайы жобасын жүзеге асыру және елорданың шетін дамыту мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді.
Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика белгіленді. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 284,1 млрд теңгені құрады. Ағымдағы жылы ИИДМБ аясында құны 9,3 млрд теңге болатын 5 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша экономиканың негізгі капиталына 83,2 млрд теңге инвестиция тартылды, өсім – 4,4%. Ауыл шаруашылығында өндіріс 13%-ға өсіп, 63,6 млрд теңгені құрады.
Әлеуметтік салаға 2019 жылы 129,2 млрд теңге қарастырылған. 3 балабақша, 6 мектеп, 5 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 116 көп балалы және аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй берілді, атаулы әлеуметтік көмек аясында 610 млн.теңге төленді.
Кеңес барысында өңіраралық форумды дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды. Көкшетауда дамыған инфрақұрылымы мен ыңғайлы көлік логистикасы бар. Жалпы, форум өткізу туристік саладағы сапалы жаңа өзара байланыстарды дамытуға қосымша серпін беруге мүмкіндік береді, сондай-ақ Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың кең спектрі бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қызмет етеді
Кеңесте туризмді дамыту, курорттық аймақты инженерлік-көліктік және инфокоммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету,болашағы зор ауылдар мен қала шеттерін дамыту мәселелері бойынша бірқатар министрліктердің басшылары тыңдалды.
– Туристік саланы дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізін Қазақстанның Топ-10 нысаны құрайды, оның бірі Щучье-Бурабай курорттық аймағы болып табылады, – деді Асқар Мамин туризм саласына үлкен үміт артатынын атап өтті. -Көлік пен телекоммуникацияның дамуына, құрылысқа, саудаға, ауыл шаруашылығына, туризмге мультипликативтік ықпал ете отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына: инвестициялар ағыны мен жұмыс орындарын құруға жәрдемдеседі.
ҚР Үкіметі басшысы Щучье-Бурабай курорттық аймағының экологиялық жағдайын жақсарту және инфрақұрылымын жаңғырту, сапалы және қолжетімді сервистік қызметтерді дамыту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Туризм саласында 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы, 2025 жылға қарай елдің ЖІӨ-дегі туризм үлесін 8%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.
“Ауыл – Ел бесігі” арнайы жобасы аясында Ақмола облысында 2019 жылы 19 жоба қарастырылған, оның 8-і бойынша келісімшарт жасалған. Сонымен қатар, ағымдағы жылы қаланың шеттерін дамыту үшін 10 жоба, оның ішінде сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы бойынша 3 жоба, 2 автожол жобасы және т. б. іске асырылатын болады.
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин “Ауыл – Ел бесігі” жобасының іске асырылуын ерекше бақылауға алуды және республикалық маңызы бар қалалардың шеттерін абаттандыру мен проблемаларды шешуге назар аударуды тапсырды.