Қаржы министрлігі табыс пен мүлікті жалпыға ортақ декларациялауды 2025 жылға ауыстыруды ұсынды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Баяндамада айтылғандай, қолданыстағы заңнамаға келесi жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы азаматтарына арналған табыстарды, шығыстар мен мүлiктiң декларациясын енгiзу көзделген. Заңнамалық базаны, ақпараттық жүйелерді дайындау, уәкілетті органдардың деректер базасын жаңарту және өңірлерде пилоттық жобаларды дайындау бойынша жұмыс жүргізілуде. Қарағанды облысының Осакаров ауданында пилоттық жобаның нәтижелері қосымша уақытты талап ететін проблемалық мәселелерді анықтады.
Қаржы министрлігі Қазақстан Үкіметіне жалпыға бірдей декларациялауды кезең-кезеңмен енгізу жөнінде ұсыныс енгізді. Ол кезең-кезеңмен өтеді.
Бірінші кезеңде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайларынан, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардан және олардың жұбайларынан декларациялауды бастау ұсынылады.
Екінші кезеңде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап декларациялаумен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласын қоса алғанда) мен олардың жұбайлары қамтылатын болады.
Үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары табыстарын декларациялайтын болады.
Төртінші кезеңде 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықтың қалған санаттарын декларациялауға тарту жоспарлануда.
Әр кезеңнің нәтижелері талданып, проблемалық мәселелер анықталып, заңнама, әдіснама және ақпараттық жүйелерді жетілдіру бойынша шаралар қабылданатын болады. Жалпыға ортақ декларацияны кезең-кезеңмен енгізу туралы заңнамаға түзетулер әзірленуде. Олар белгіленген тәртіппен Парламентке жіберіледі.
Бұған дейін хабарланғандай, жеке тұлғалардың кірістері мен шығыстарын жалпыға бірдей декларациялау келесі жылдың 1 қаңтарынан басталады. Азаматтарға декларацияда жылжымайтын мүлік, автомобильдер, қолма-қол ақша, акциялар, шетелдік шот, асыл тастарды және басқа мүліктерді белгілеу керек болады. Бұл деректер алдағы уақытта салықтық бақылау үшін қажет болады.
Сенат депутаттары жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңмен көшу туралы ұсыныс жасады, өйткені бұған бірқатар себептер бар. Мысалы, барлық азаматтардың интернетке қол жетімділігі жоқ және деректер қорын біріктіру проблемалары байқалады.
Сурет: bankist.ru