Алматы халықаралық әуежайында коронавирустың таралуына жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылдануда.
Әуежайдың баспасөз қызметінде коронавирустың таралуына жол бермеу үшін қандай қосымша шаралар қабылданатынын атап өтті:
– Қытайдан келетін барлық әуе кемелері перронның алыс тұрақтарына жіберіледі, ұшақтар міндетті түрде дезинфекцияланады;
– Қытайдан келген жолаушылар мен экипаж мүшелері тепловизорлар орнатылған бөлек залда шекаралық бақылаудан өтеді;
– терминалда коронавирусқа күдікті жолаушы анықталған жағдайда арнайы оқшауланған палаталар жабдықталады;
– әуежайда санитарлық-карантиндік бақылау және қалалық дезинфекциялық станция мамандары тәулік бойы кезекшілік етеді.
Естеріңізге сала кетейік, 31 желтоқсанда Қытай билігі елдің орталық бөлігінде орналасқан Ухань қаласында белгісіз пневмонияның өршуі туралы ақпарат берген болатын. Мамандар аурудың қоздырғыштарын анықтады, бұл 2019-nCoV коронавирус.
Құрлық Қытайдан тыс жерлерде жұқтыру жағдайлары Гонконг, Макао, Тайвань, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Германия, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Австралия және Малайзияда тіркелген.
Қытайда коронавирус ауруымен ауырғандар саны соңғы мәліметтер бойынша 5 974 адамды құрады.
Сурет: inform.kz