Қазақстанның Әзірбайжандағы төтенше және өкілетті елшісі Сержан Әбдікәрімов Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевке сенім грамоталарын тапсырды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы сыртқы саяси ведомствосының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Әзірбайжан басшысы еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі мемлекет арасындағы екіжақты стратегиялық әріптестікті дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Сонымен қатар, Ильхам Әлиев Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытудың перспективалы бағыттарын атап өтті. Оның айтуынша, бұл инвестициялық, сауда-экономикалық, отын-энергетикалық, транзиттік-көліктік,ауылшаруашылық және мәдени-гуманитарлық салалар.
Өз кезегінде қазақстандық дипломат Әзірбайжан басшысын өз қызметінің жоспарымен таныстырды және екі ел арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту үшін барлық күш-жігерді жұмсайтынын мәлімдеді.
Кездесу соңында Әзірбайжан Республикасының Президенті Қазақстан елшісін қызметке кірісуімен құттықтап, оған дипломатиялық миссияда табыс тіледі.