Жамбыл облысында коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб аймақта карантиндік шараларды жеңілдетпеу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөзінің қызметі хабарлады.
Бн шешімді жедел штаб облыстағы ағымдағы эпидемиологиялық жағдайды және коронавирустық инфекцияны жұқтырудың өсуін ескере отырып қабылдады.
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссиясы өңірде карантиндік шараларды жеңілдету 4 мамырдан бастап жоспарлаған, алайда енді кезеңмен жеңілдету облыстағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады.
28 сәуірден бастап Жамбыл облысында қызметін қайта бастауға рұқсат етілген кәсіпорындардың тізімі кеңейтілді. Өңірде автосалондар, тұрмыстық химия, автожуу, ТҚС, ломбардтар, нотариалдық және адвокаттық кеңселер, тігін және аяқ киім шеберханалары мен кір жуу орындарының жұмыстары қайта басталған.
Соңғы мәліметтер бойынша, Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 154 оқиғасы тіркелді, ал елімізде жұқтырғандардың саны 4028-ге жетті.
Сурет: pravda.com.ua