Аудан әкімдігі бір жылдан артық науқасқа тиесілі ақшалай көмек төлемеген. Осы факті бойынша Шу ауданаралық прокуратурасымен жергілікті атқарушы орган – әкімдіктің туберкулезбен ауыратындардың құқықтарын қорғау саласындағы қызметіне тексеру жүргізілді. Бұл туралы Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлайды.
Тексеру барысында аудан әкімдігі бір жылдан артық ем алуға арналған жәрдемақыны толық төлемеген.
Бұған аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 21 желтоқсандағы “Туберкулез” диагнозы бойынша 6-8 ай және екінші санат бойынша 8-10 ай кезеңінде 10 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсету туралы заңсыз шешімі себеп болды.
Прокуратура әрекеттерінің арқасында мәслихаттың шешімі қайта қаралып, жаңа төлем мөлшері белгіленді, атап айтқанда: жәрдемақы 10 мыңнан 21,8 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.
Бұдан басқа, әлеуметтік көмек алу кезеңі 12 айға дейін ұзартылды.
Туберкулезбен ауыратын науқастарға қатысты жергілікті әкімдіктің қызметін тексерумен байланысты жұмыстар жалғасуда.