Қызылорда қаласында “тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа әдістері” атты республикалық конференция өтті. Конференцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, тауар өндірушілер, кәсіпкерлер мен студенттер қатысты. Бұл туралы Қазақстанның сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Конференция барысында Қызылорда облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің басшысы Ерқасым Сүлейменов сөз сөйлеп, өз баяндамасында департамент жүргізіп жатқан жұмыстары туралы айтып берді.
“Әділет” тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова “тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы”заңға енгізілген өзгерістер туралы сөз қозғады.
Қызылорда қаласы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Динара Жанабергенова конференцияға қатысушыларға департаменттің жұмысы туралы есеп берді.
Өз сөзінде сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Әуелбек Қамзаев конференцияның маңыздылығы мен өзектілігі туралы айтып, қатысушыларға Техникалық регламенттің талаптары мен тауарларды сертификаттау талаптары туралы өз баяндамасын ұсынды.
Іс-шара соңында сұрақ-жауап форматында пікір алмасу және диалог өтті.
Сурет: trade.gov.kz