Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Өскемен қаласының тұрғындарымен кездесу барысында үкіметте әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін анықтайтын жұмыс тобы құрылғанын хабарлады.
Кездесуде Сапарбаев өңірлерде сандық еңбек биржаларын және мобильді жұмыспен қамту орталықтарын енгізу мәселесіне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмекті есептеу тетігінің өзгеруіне қатысты мәселелерді қозғады. Ол 2019 жылы АӘК алушылар саны 9 есеге, ал әлеуметтік аударымдар сомасы екі есеге өскенін айтты.
Вице-премьердің айтуынша, Қазақстан Үкіметі “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының барлық мүмкіндіктеріне баға береді.
“Ол мынадай критерийлер бойынша бағаланады: жұмыс орындарын құру – бұл ең басты индикатор, әрі қарай – өз ісін құру, келесі – түлектердің жұмысқа орналасуына қатысты, бұл біздің барлық мемлекеттік бағдарламаларымызды бағалаудың басты критерийі”, – деді Бердібек Сапарбаев.