Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин әскери ведомство басшысы Нұрлан Ермекбаевпен кездесу өткізді. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли толығырақ айтты.
Оның айтуынша, ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің ынтымақтастығына ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, Ильин мен Ермекбаев Қазақстан аумағында төтенше жағдайларды жоюға байланысты жедел міндеттерді шешу үшін Қарулы Күштерді қолдану алгоритмін әзірлеуді талқылады.
Әрі қарай, екі орталық органның басшылары кадрларды оқыту саласындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін қарастырды. Осы тұрғыда Ұлттық қорғаныс университеті базасында “Азаматтық қорғаныс” кафедрасын ашу мәселелері талқыланды.
“Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау мамандығы бойынша құтқарушыларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ, байланысты ұйымдастыру жоспарда бар”, – деп атап өтті Уәли.
Ол төтенше ведомство ТЖМ Көкшетау техникалық институты базасында өртке қарсы қызмет бойынша әскери қызметшілерді даярлаумен айналысуды жоспарлап отырғанын айтты.