Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Орталық Азия елдеріндегі әріптестерінен қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмоннан жеделхаттар келіп түсті.
Сооронбай Жээнбеков өзінің құттықтау жеделхатында Қазақстан-Қырғызстан қарым-қатынасы екі ел халықтарының мүдделері үшін дами беретініне сенім білдірді.
Шавкат Мирзиеев өз жеделхатында Президент Тоқаевтың екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және ортақ қауіп-қатерлерге қарсы күреске қосқан үлесін жоғары бағалады.
Гурбангулы Бердымұхамедов өз жеделхатында еліміздің басшысын қасиетті мерекемен құттықтап, оған зор денсаулық және мемлекеттік қызметінде табыс тіледі.
Эмомали Рахмон өз жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге мемлекетіміз бен Тәжікстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған шараларды жүзеге асыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Сурет: rbc.ru