Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы аясында кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар Қазақстан мен ұйым арасындағы өзара іс-қимылдың алдағы перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, өркениеттер арасындағы өңіраралық келісім мен жаһандық диалогты нығайтуға күш-жігерді үйлестіру талқыланды.
Тоқаев Өркениеттер Альянсы – өркениеттер арасындағы диалогты қолдауға қомақты үлес қосатын ең маңызды халықаралық институттардың бірі екенін мәлімдеді.
“Қазақстан Өркениеттер Альянсымен одан әрі белсенді ынтымақтастыққа дайын. Еліміздің делегациясы Альянс форумдарына тұрақты түрде қатысады”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент альянс әзірлеген діни ғибадат орындарын қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске қосуды қолдады.
Мигель Анхель Мораторинос өз кезегінде Қазақстанның халықтар, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогтың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
Сурет: inform.kz