Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының онлайн-саммиті кезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы дағдарыстық жағдайды реттеу туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды «Қазақпарат» ақпарат агенттігі.
Тоқаев Ауғанстанды қалпына келтіру ШЫҰ қауымдастығы үшін өзекті мәселе екенін айтты. Президент Қазақстан «ШЫҰ-Ауғанстан» байланыс тобы аясында осы елді әлеуметтік-экономикалық оңалтуға баса назар аудара отырып, ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Ауғанстанда жағдайды тұрақтандыру Еуразиялық кеңістіктегі өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал етеді.
Өз сөзінде республикамыздың көшбасшысы биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру қажеттілігі туралы да мәлімдеді.
«Біз бәріміз биолаңкестікке байланысты қауіп-қатерді жақсы түсінеміз. БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында мен биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсындым. Бұл мәселе бойынша ШЫҰ тарапынан әріптестер қолдайтынына сенемін», — деді Тоқаев.
Сурет: inform.kz




