Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада Қазақстанда жаңа лауазым – біздің Республикамыздың Ауғанстандағы арнайы өкілі болатынын мәлімдеді. Бұл туралы “ҚазТАГ” ақпарат ресурсы хабарлады.
Бұл мәлімдемені ҚР Президенті Ауғанстандағы әріптесі Ашраф Ганимен Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында өткен кездесуде айтты.
Сондай-ақ кездесу барысында Қазақстан мен Ауғанстан Президенттері екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйін талқылап, одан кейін өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге назар аударды.
Ауғанстан президенті өз кезегінде Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 308,1 миллион долларды құрады.
Бүгінгі таңда Ауғанстан бидай немесе қара бидай ұнын, табиғи газ, бидай және зығыр тұқымын Қазақстан Республикасынан импорттайды.