Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ өнеркәсібін дамыту мәселелері жөніндегі кеңес аясында еліміздің үкіметіне Қашаған кен орнын игерудің жол картасы бойынша келісуді тапсырды. Бұл туралы иемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
“Мұнай-газ компанияларының әлеуметтік аударымдарының арқасында біздің мыңдаған азаматтар, әсіресе ауыл тұрғындары үшін заманауи мектептер, ауруханалар, спорт орталықтары мен басқа да нысандар салынды. Дегенмен, біз бір орында тұрмауымыз керек”, – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өндіріс деңгейін жүйелі түрде арттыру қажеттігін айтты. Сондықтан президент үкіметке және консорциумның мердігер компанияларына Қашаған кен орнын игеру жөніндегі жол картасы бойынша келісуді тапсырды.
“Әділдік индексі” шеңберінде туындаған мәселелер бойынша ортақ келісімге келу керек. Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған. Сондықтан үкімет Қазақстанның мүддесін қорғап, түскен табысты толық көлемде өндіріп алуы тиіс”, – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, мұнай-газ өнеркәсібін дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Тоқаев Қазақстан азаматтарын мұнай-газ жобаларын іске асыруға тарту туралы өз пікірін білдірді.
“Мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға отандық кадрларды тарту өзекті болып табылады. Әсіресе жоғары және маңызды орындарға! Үкімет жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп кадрларды сапалы даярлауды қамтамасыз етуі керек”, – деді президент.