Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқару комитеті онлайн-режимде кеңес өткенін, оның басты тақырыбы ТМД елдерінің алғашқы ойындарын дайындау және өткізу болғанын айтты.
Бейнеконференцияға Достастыққа мүше мемлекеттердің, оның ішінде Қазақстан Республикасының, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері қосылды.
Бастапқыда бұл ойындарды Қазан қаласында 20-27 тамыз аралығында өткізу жоспарланған болатын, алайда коронавирус індетінің таралуына байланысты ол кейінге ауыстырылды.
Енді ТМД елдерінің алғашқы ойындарын Қазан қаласында 4-11 қыркүйек аралығында өткізу жоспарланып отыр. Оған республикамыздың спортшылары қатысады деп күтілуде.
Жоспар бойынша, ойындарға Достастықтың 11 елінен 2,5 мыңға жуық спортшы қатысады. Жарыс Қазан қаласының 14 спорт нысанында өткізіледі.
Онлайн-кездесу кезінде ТМД-ға қатысушы елдердің өкілдері ойын өткізуге байланысты түрлі ұйымдастырушылық және техникалық сұрақтарды талқылады.
Бейнеконференция соңында тараптар осы жылдың тамыз айында Қазан қаласында ТМД мемлекеттерінің спорт делегациялары басшыларының қатысуымен, жарыс өтетін спорт нысандарымен танысу үшін, семинар ұйымдастыруға келісті.