“TengriBank” ақ бұрынғы топ-менеджерлерін 5,4 млрд теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдікке ілінді.
Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметінің басшылығымен “TengriBank” АҚ бұрынғы топ-менеджментіне қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе ысырап ету) бойынша жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеден асатын банктің ақша қаражатын жымқыру туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде.
Ағымдағы жылдың 9 қарашасында Алматы қаласының тергеу соты: Банктің Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Бахтияр Әбдінұрұлы Ілиясовқа; Банктің Алматы филиалы директорының бұрынғы орынбасары Әсет Өрісбайұлы Жадықовқа; өзінің бақылауындағы компаниялардың бірінің басшысы Назгүл Маманшалқызы Жылқыбаеваға (жалған құжаттар бойынша 3 млн АҚШ доллары мөлшерінде көрінеу қайтарымсыз кредит алды) қатысты 2 айға дейінгі мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шараларына санкция берді,-деп хабарлады ҚР ҚМ ҚМК баспасөз қызметі.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді.
9 қарашада желіде “TengriBank” АҚ Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Бақтияр Ілиясов пен “TengriBank” АҚ Алматы филиалы директорының бұрынғы орынбасары Әсет Жадықов ұсталғандығы туралы хабарламалар пайда болды. 10 Қарашада бұл ақпаратты Қаржы министрлігі растады.
Естеріңізге сала кетейік,” TengriBank ” 2020 жылдың қыркүйегінде банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиядан айырылды.
Сурет: zakon.kz