Түркістан облысында Бәйдібек ауданының тұрғынына қатысты ашылған қылмыстық іс бойынша сот талқылауы өтті. Бұл туралы kp.kz. ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, ол әлеуметтік желілерде біздің мемлекет аумағында тыйым салынған деструктивті ағым жетекшілерінің аудиожазбаларын таратты деген күдікке ілінген.
Сотқа дейінгі тергеу барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері күдіктіден экстремизмді насихаттауға қатыстылығын растайтын заттай дәлелдемелер тапты.
Аудандық соттың шешімімен Бәйдібек ауданының тұрғыны кінәлі деп танылды. Экстремистік аудиожазбалар таратқаны үшін ол түрмеге отырғызу түрінде жазаланып, екі жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті бизнесмен және құқық қорғаушы Барлык Меңдіғазиевке қатысты қылмыстық іс қозғағаны хабарланған болатын. Оған салық төлеуден жалтару, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, оны басқарды деген айыптары тағылған. Қазіргі уақытта ол халықаралық іздеуде.