Республикамыздың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қазіргі кезде Алматыдағы ғана емес, Шымкенттегі көпбейінді аурухана салуға байланысты істі де тергеуде. Мұндай мәлімдемені сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші департаментінің басшысы Мұрат Ахметов жасады.
Оның айтуынша, Шымкенттегі аурухананың құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқырды деген күдіктілер жоқ, процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
“Жүргізілген мемлекеттік аудит актілерінің нәтижелері бойынша белгілі бір сомалар белгіленіп, сараптама тағайындалды. Олар аяқталғаннан кейін, түпкілікті процессуалдық шешімдер қабылданады. Бұл сомалар бастапқы, анықтау үшін, сарапшылардың қарауында. Мемлекеттік сараптама жобалау-сметалық құжаттама бойынша жүргізілуде, сондықтан тергеу нәтижелері бойынша түпкілікті соманы хабарлаймыз”, – деп мәлімдеді Ахметов.
Сонымен қатар, ол Шымкентте коронавируспен ауыратын науқастарға арналған аурухананың құрылысы 5,5 миллиард теңгені құрағанын айтты.
Бұдан бұрын Алматыда модульдік клиника құрылысы кезінде бюджет ақшасын жымқыру тергеліп жатқаны хабарланған. Ұрланған болжамды сома 3,9 миллиард теңгені құрайды. Әзірге күдіктілер жоқ. Тергеу жалғасуда.
Сурет: sputnik.kz