Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстваның қызметкерлері Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамуновты ұстады. Бұл туралы “ҚазТАГ” ақпарат агенттігі хабарлады.
Сыбайлас жемқорлықпен күресушілер Қостанайдың бұрынғы басшысы Ахметбек Ахмеджановтың әйелінен пара алу кезінде Ақтөбе шенеунігін қылмыс үстінде ұстады.
Руслан Мамунов Ахметбек Ахмеджановтың түрмеде отыру мерзімін қысқартып, одан кейін оны босатуға тырысатыны үшін пара алды деп болжануда.
Қостанай облысының бұрынғы әкімі 2015 жылы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен, атап айтқанда пара алды деген күдікпен ұсталды. 2016 жылы ол бірден бірнеше бап бойынша сотталып, 13 жылға түрмеге қамалды.
Өткен жылдың қараша айында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып Руслан Мамунов тағайындалды. Оның міндетіне экономика және бюджетті жоспарлау, жобаларды басқару және мемлекеттік сатып алу сияқты маңызды салалар кіреді.