Тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысы бар деп күдікке ілінген Шымкенттік белсенді Нұржан Мұхамедов аштық жариялады. Осылайша, ол өзіне тағылған айыпқа наразылық білдірді. Бұл туралы оның жұбайы Бағила Текебаева айтты.
Мұхамедовты құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы жылдың 6 қаңтарында ұсталып, оған Қазақстан Қылмыстық кодексінің 405-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Активистке екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге түрмеге қамау түрінде жаза қолданылуы мүмкін.
Қазіргі уақытта Мұхамедов екі айға тергеу изоляторына қамауға алынды. Бұл шешімді Шымкент қаласының мамандандырылған тергеу соты қабылдады.
Бұған дейін белсенді санкцияланбаған митингке қатысқаны үшін 15 тәулікке бірнеше рет қамауға алынған. Ал, өткен жылдың қараша айында Мұхамедовке полицейлерді қорлағаны үшін 220 мың теңгеден астам айыппұл салынған.