Мәскеуде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының бірлескен отырысы өтті, деп хабарлайды “ҚазАқпарат” ақпарат ресурсы.
Қазақстан тарапынан отырысқа Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты.
Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровтың айтуынша, ШЫҰ елдеріндегі әріптестерімен кездесуде ол терроризмге, есірткі заттарының заңсыз айналымына, трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа және киберқылмысқа қарсы күрес бойынша қосымша шаралар қабылдауды талқылады.
Лавров айтуынша, ШЫҰ мемлекеттерінің барлық бағыттардағы өзара іс-қимылы бойынша мәлімдемелер мақұлданды. Енді олар ұйым елдері президенттерінің бекітуіне беріледі.
Сондай-ақ, Ресейдің Сыртқы істер министрі Мәскеуде өткен бірлескен отырысқа қатысушылар Ауғанстандағы әскери қақтығысты реттеу туралы пікір алмасты. Ауғанстан көптеген жылдар әлем картасында шиеленіс нүктелерінің бірі ретінде ғана емес, сонымен бірге ең ірі есірткі жеткізуші ретінде де танымал.
“Біздің Иранның ядролық бағдарламасын реттеу жөніндегі бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарынан АҚШ-тың шығуы төңірегінде қалыптасқан жағдай бойынша бірыңғай ұстанымымыз бар. Біз бәріміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бірауыздан мақұлдаған және барлық қатысушылар орындауы тиіс осы маңызды құжатқа адалдығымызды растадық”, – деді Сергей Лавров.
Ол сондай-ақ, 2020 жылдың қараша айында ШЫҰ мемлекет басшыларының қатысуымен онлайн-режимде саммит өтетінін, оның күн тәртібіне санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты сақтау мүддесінде ұйым елдері арасындағы одан әрі ынтымақтастықты көздейтін құжат ұсынылатынын айтты.
Сурет: inform.kz