Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы басшысының орынбасары Роман Василенко Швейцарияның даму және ынтымақтастық жөніндегі агенттігінің арнайы өкілі Гий Бонвэнмен кездесті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында дипломаттар Орталық Азиядағы су бойынша ынтымақтастыққа қатысты мәселелерді қарастырды. Сонымен қатар, тараптар осы жылдың 5-6 қыркүйегінде еліміздің астанасында өткен “Орталық Азиядағы су мәселелеріне байланысты диалог: ұлттықтан жалпы аймақтыққа қарай” тақырыбындағы екінші Орталық Азия сараптамалық форумының қорытындысын талқылады.
Швейцариялық арнайы өкіл өткен форумның жоғары ұйымдастырылғанын және ОА-да ортақ су пайдалану мәселелерін шешуде Қазақстан Үкіметінің сындарлы шараларын атап өтті.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары арнайы уәкілдің баяндамасын тыңдап, Орталық Азия көшбасшыларының келіссөздері кезінде су саласына ерекше көңіл бөлінгенін айтты.
Сондай-ақ кездесу аясында Василенко Бонвэнға бүгінгі күні біздің еліміз су саласында Еуропалық Одақпен белсенді ынтымақтастық орнатқанын хабарлады.
Өз кезегінде Швейцария агенттігінің арнайы уәкілі оның елі осы салада Қазақстан Республикасымен одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.