Роскосмос өкілдері Байқоңыр ғарыш айлағынан «Прогресс МС-15» жүк кемесімен «Союз-2.1 а» зымыран-тасығышы қашан ұшырылатынын айтты. Бұл туралы «ҚазТАГ» жаңалықтар ресурсы хабарлайды.
Роскосмостың айтуынша, қазір мамандар жүк кемесін орбитаға ұшыруға дайындауда. Ұшу алдындағы дайындық Байқоңырда №254 алаңның монтаждау-сынау корпусында жүзеге асырылып жатыр.
Бүгінгі күні «Энергия» зымыран-ғарыш корпорациясы мен «Южный» ғарыш орталығының қызметкерлері кеменің жүк бөлігін дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, мамандар жүк кемесінің борттық электр қоректендіру жүйесінің күн батареяларын бақылау жарығының жоспарлы операциясын аяқтады.
«Прогресс М-15» жүк кемесімен бірге «Союз-2.1 а» зымыран-тасығышын ұшыру ағымдағы жылдың 23 шілдесіне жоспарланып отыр, ол Халықаралық ғарыш станциясына отын, су және газ қорларын, сондай-ақ ғылыми эксперименттер жүргізуге арналған материалдарды жеткізеді.
Сурет: 3dnews.kz