Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы Парламенттік Ассамблеясының (ПА) отырыстарына қатысты. Коронавирус індетіне байланысты олар бейнеконференцбайланыс арқылы өтті, деп хабарлайды zakon.kz ақпарат ресурсы.
Сөз ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысы мен ұйымның он үшінші жалпы отырысы туралы болып отыр. Онда Ресейдің ұйымға төрағалық етуінің қорытындылары қаралды.
Сонымен қатар, ҰҚШҰ мемлекеттерінің парламент мүшелері ұйымның жауапкершілік аймағындағы жағдайды және Ұжымдық қауіпсіздік ұйымына төнетін қатерлерге қарсы тұруға бағытталған шараларды талқылады.
Сондай-ақ, бейнеконференция барысында жаппай қырып-жоятын қарулардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша ұсынымдар қабылданды.
Ұйым елдерінің парламент мүшелері ҰҚШҰ ПА қызметінің 2025 жылға дейін есептелген ҰҚШҰ мемлекеттерінің ұлттық заңнамасын жақындастыру және үйлестіру жөніндегі бағдарламасын бекітті. Сонымен қатар, Парламенттік Ассамблеяның келесі жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданды.
Бес жылдық бағдарлама туралы Нығматулин толығырақ мәлімет берді. Ол үлкен деректерді қалыптастыру және пайдалану, сондай-ақ жасанды интеллект құру жөніндегі ұлттық заңнаманы дамытуға қатысты модельдік актілер енгізілгенін хабарлады.
Сурет: theopenasia.net