Қазақстан парламентшілері Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердегі әріптестерімен коронавирустық инфекцияға қарсы күрестің өзекті мәселелерін қарастырады, деп хабарлайды ҰҚШҰ баспасөз қызметі.
Мұндай мәселелерді 15 маусымда бейнеконференцбайланыс арқылы өтетін ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясы кеңесінің алдағы отырысында талқылау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ бейнеконференцияда тараптар халықаралық, ұжымдық және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді талқылайды.
Ұйымға мүше мемлекеттердің парламентарийлері індеттің таралуы жағдайында бірлескен жұмыс шараларын қарастырады.
Сонымен қатар, бейнеконференцияға қатысушылар ҰҚШҰ-ның одан әрі дамуы жөнінде пікір алмасады және өткен жылғы сессия жұмысының нәтижелерін талқылайды.
Отырысқа Қазақстан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан парламенттерінің депутаттары қатысады.
Бейнеконференцияға сондай-ақ бақылаушы ретінде Сербия мен Ауғанстан өкілдері де қосылады.
Сурет: rossaprimavera.ru