Ресейдің сыртқы саяси ведомствосының басшысы Сергей Лавров елімізге осы жылдың 8-9 қазанында ресми сапармен келеді. Бұл туралы РФ Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова хабарлады.
Сергей Лавров Қазақстанға ресми сапары аясында Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловпен кездеседі.
Кездесу барысында екі бауырлас елдердің министрлері екіжақты қарым-қатынастарға қатысты мәселелерді талқылайды. Сонымен қатар, Лавров пен Атамқұлов біздің еліміз бен Ресей тұратын ортақ мемлекетаралық бірлестіктерде өзара іс-қимыл туралы пікір алмасады.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей Сыртқы істер министрліктерінің басшылары кездесу кезінде жоғары деңгейдегі екіжақты және көпжақты іс-шараларға дайындыққа ерекше көңіл бөледі деп күтілуде. Оның ішінде, министрлер осы жылдың 7 қарашасына белгіленген Ресей мен Қазақстан аймақаралық ынтымақтастығының XVI форумының күн тәртібін талқылайды.
Сурет: Perepostil.ru