Атқарушы билік басшысы Асқар Мамин Ақтауға жұмыс сапарымен барып, Маңғыстау облысындағы эпидемиологиялық жағдай жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды lada.kz ақпарат ресурсы.
Кеңес барысында премьер өңірде коронавирустық инфекция эпидемиясының ықтимал жаңа толқынына дайындықты жедел түрде күшейту қажет екенін айтты.
Осыған байланысты Мамин жергілікті билік органдарына облыстағы карантиндік талаптардың сақталуын қадағалайтын мониторингтік топтардың жұмысын жақсарту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді күшейту тапсырылды.
Министрлер кабинетінің басшысы облыстық әкімдікке аурудың өршуі жағдайында қосымша инфекциялық орындар дайындауды және өңірдің медициналық мекемелеріне медициналық препараттар мен бұйымдарды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Коронавирус басталғаннан бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысында 3405 инфекция жұқтырғандар тіркелді. Ал елімізде олардың жалпы саны 115439.