Петропавл құрылыс компаниясының жүзден астам қызметкері екі жылдан бері өз жалақысын ала алмай келеді. Компанияның қызметкерлері алдындағы жалпы қарызы 70 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы “Хабар” ақпарат агенттігі хабарлады.
“Қазградстрой” құрылыс компаниясы Петропавлдағы ең ірі компаниялардың бірі болып саналды. Алайда, проблемалар 2018 жылдан басталды, содан бері қызметкерлер жалақы мен зейнетақы төлемдерін ала алмай келеді.
Қызметкерлер төрт жылда оларға тек бір-екі рет қана ақша аударылғанын айтады. Қалған ақша қайда кеткенін білмейді, зейнетақы да аударылмаған. Қызметкерлер егер компанияның мүлкін, оның ішінде қымбат тұратын арнайы техниканы сатса, жалақы бойынша берешекті өтеуге болады деп санайды.
Бүгінгі таңда “Қазградстрой” құрылыспен айналыспайды. Компания мемлекеттік бағдарлама бойынша салған 12 қабатты ғимаратты басқа компания аяқтап жатыр. Кәсіпорынның мүлкіне тыйым салынған, алайда тізбеде арнайы техника белгіленбеген.
Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Арман Құсанов “Қазградстройға” тиесілі алты жер учаскесі мен төрт пәтер анықталғанын атап өтті. Жер телімдері бойынша өндіріп алу, оның ішінде сот арқылы, оларды бағалау және сатуға қою шаралары қабылданды. Жоспарланған екі аукцион сатып алушылар табылмағандықтан өткізілмеді. Бүгінгі күні сот орындаушылары пәтерлерден өндіріп алу бойынша жұмыстар жасар жатыр.
“Қазградстрой” компаниясының он екі миллион теңге қарызы компанияның борышқорлары есебінен өтелді.
Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин компанияның бас директоры Александр Авдеевке мәселені шешудің бірнеше нұсқасы ұсынылғанын айтты. Алайда, ол сомалар қанағаттандырмағандықтан бас тартты.
Авдеевтің өзі әкімдік жер телімдерін бірнеше есе төмен бағалағанын және оларды дайындауға кеткен шығындарды ескермегенін айтты. Ол әкімдік көрсеткен баға қызметкерлер алдындағы қарызды өтеуге жетпейтініне сенімді.
Авдеев компания қазір құрылыс бөлімінен сот арқылы екі жүз миллионнан астам теңгені өндіріп алуға тырысып жатқанын, егер іс жеңіспен аяқталса, жалақы бойынша барлық қарыздар төленетінін қоса айтты.