Қазақстан Республикасы Парламентінің төменгі палатасының депутаты Ирина Смирнова Алматыда коронавируспен күреске дайындық барысы туралы айтты, деп хабарлайды “ҚазТАГ” ақпарат ресурсы.
Оның айтуынша, қазір “Халық арена” спорт кешенінде мың орын дайындалып жатыр. Сонымен бірге, ол жерде кім жұмыс істейді деген мәселе шешімін тапты.
“Қалалық денсаулық бөлімінің шақыруына 700 түйіндеме келді. Біздің халық көмек көрсетіп, ауырғандарды емдеуге көмек көрсетуді қалайды. Бәрі медицина қызметкерлерінің түйіндемесі. Оның ішінде жаңа медициналық мекеме ұжымы құрылады. Жаңа госпитальге құрал-жабдықтар сатып алынып, жабдықталу үстінде”, – деді Ирина Смирнова.
Сондай-ақ, парламентарийдің айтуынша, қазіргі таңда Алматы қоймаларында барлық қажетті дәрі-дәрмектер бар, алайда олар уақытында дәріханаларға жеткізілмейді.
“Неге? Бұл сұраққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жауап іздеуде. Менің ойымша, халық жағдайын ойламай, қиын кезеңде баюды мақсат еткен бизнесмендерді қуу керек”, – деп толықтырды ол.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Алматыда COVID-19 жұқтырудың 6016 жағдайы ресми түрде расталды, ал біздің елімізде олардың саны 45719-ға жетті.
Ертеңнен бастап Қазақстанда екі апталық карантиндік режим әрекет ете бастайды. Бұл шешімді мемлекеттік комиссия қабылдады.