Қостанай облысында коронавируспен күресу мақсатында енгізілген шектеу шаралары жеңілдетіледі. Тиісті шешім аймақта COVID-19 таралуын болдырмау мәселелеріне жауап беретін жедел штаб отырысында қабылданды.
15 ақпаннан бастап облыста 20% орыннан аспай толтырумен кинотеатрларға жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Шаштараздар мен косметикалық қызмет көрсететін басқа да нысандардың жұмысына салынған тыйым алынады.
Сондай-ақ, келесі аптадан бастап аймақта супермаркеттер мен гипермаркеттердің жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Олар жексенбі күнінен басқа күндері 23:00-ге дейін ашық болады.
Бұдан басқа, апта бойы 50% толтырылатын, бірақ 30 отыратын орыннан аспайтын қоғамдық тамақтану объектілерінің, сондай-ақ қоғамдық көліктің жұмысына рұқсат етіледі.
Алдағы уақытта болатын карантинді жеңілдетуге байланысты облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңір тұрғындарына үндеу тастап, оларды коронавирус пандемиясы әлі аяқталмағандықтан барлық белгіленген карантиндік ережелерді сақтауға шақырды.