Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-майор Н. Ермекбаев Қарағанды гарнизонында көшпелі кеңес өткізіп, «Спасск» оқу орталығының «Айбын» жастардың бесінші Республикалық әскери-патриоттық жиынын өткізуге дайындығын тексерді.
Сапар барысында қорғаныс ведомствосының басшысы «Спасск» оқу орталығының оқу-материалдық базасының жай-күйімен, командалардың өмір сүру және тамақтану жағдайымен танысты, сондай-ақ шатырлы қалашықты аралады. Тексеру қорытындысы бойынша ұйымдастыру комитетіне дайындық жұмыстарын сапалы аяқтау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Естеріңізге сала кетейік, «Айбын» бесінші республикалық жастар әскери-патриоттық жиыны 2019 жылдың 17-22 маусымы аралығында Қарағанды облысында өтеді. Жиын жұмысына еліміздің барлық өңірлерінен 600-ден астам әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілері қатысады.