Nur Otan басқарушы партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Арыс қаласындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда Арыс қаласында барлық әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстары аяқталды.
Бауыржан Байбек Арысты қалпына келтіру Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында болғанын атап өтті.
“Бүкіл ел көмектесті. Барлық ескертулер мен тілектер назарға алынды.Қазір жұмыстар аяқталып келеді, азы ғана қалды. Осы уақыт ішінде қала тұрғындары, Nur Otan партиясы, Үкімет құрылыс барысын қадағалады. Бүгін біз арыстықтардың қалыпты өмірге оралып жатқанын көріп отырмыз”, – деді Nur Otan төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ, Бауыржан Байбек Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында “Локомотив” АҚ қызметкерлерімен кездесіп, Nur Otan партиясының облыстық филиалының қызметін, атап айтқанда, қоғамдық қабылдау жұмысын тексерді.
Сурет: Zakon.kz