Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Түймебаев Назарбаевқа Ассамблея қызметінің нәтижелері, сондай-ақ қойылған міндеттерді іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Өз кезегінде, Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұрақтылықты сақтау және қоғамдағы бірлікті нығайту жөніндегі жұмысқа назар аудару қажеттігін атап өтті.
“Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің қоғамның біріктіруші буыны болып табылады. Барлық өңірлерде шағын ҚХА жұмыс істейді,Достық сарайлары ашылуда. Қазір ел үшін тұрақтылық маңызды. Өйткені, біз тұрақтылықсыз барлық жетістіктерімізді жоямыз. Сондықтан ҚХА-ның басты міндеті – халық бірлігін нығайту үшін қоғамды топтастыру”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу соңында Түймебаев Назарбаевқа қабылдағаны және республикада бейбітшілік пен келісімді сақтағаны үшін алғысын білдірді.