Азаматтық авиация комитеті Нұр-Сұлтан шет мемлекеттермен көлік қолжетімділігін кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі, ААК баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Бүгін Нұр-Сұлтанда “Эйр Астана”, “SCAT” және “Somon Air” авиакомпаниялары қатысуымен Қазақстанның авиациялық билігі мен Тәжікстан өкілдерінің арасында екі жақты келіссөздер өтті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің авиакомпаниялары Нұр-Сұлтан мен Душанбе астаналары арасындағы рейстердің санын 3-тен 5 рейске дейін арттыруға мүмкіндік алды.
Рейстердің жалпы саны аптасына 10-ға жетеді. Бұл авиакомпанияларға жолаушыларға ұшу мен түйісудің ыңғайлы нұсқаларын ұсынуға мүмкіндік береді.
Жалпы, қазіргі уақытта елдер арасында әр тараптан аптасына 18 рейс, атап айтқанда Алматы – Душанбе бағыты бойынша аптасына 6 рейс, Нұр-Сұлтан – Душанбе бағыты бойынша аптасына 5 рейс, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Тараз және Душанбе, Худжанд, Қорған-Төбе, Күләб қалалары арасында аптасына 7 рейске дейін орындауға рұқсат етілген.