Мәскеуде ТМД астаналары мен ірі қалаларының Халықаралық Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті, оған Нұр-Сұлтан әкімінін орынбасары Ермек Қизатов қатысты, деп “Қазақпарат” ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс-шарада ТМД астаналары мен ірі қалаларының Халықаралық Ассамблеясының президентін сайлады.
Жиналғандардың алдында сөйлеген сөзінде Ассамблеяның вице-президенті Юрий Мищеряков президент лауазымына Қазақстан астанасының әкімі Алтай Көлгіновтың кандидатурасын ұсынды.
Осыған байланысты Нұр-Сұлтан ТМД астаналары мен ірі қалаларының Халықаралық Ассамблеясының төрағасы, ал Алтай Көлгінов оның президенті болады.
Ермек Қизатов өз кезегінде Ассамблея аясындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Нұр-Сұлтан басшылығы алдағы жобаларды табысты жүзеге асыру және ТМД қалаларын дамыту үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, сессия аясында одан арғы қызмет мәселелері талқыланды, сондай-ақ ТМД астаналары мен ірі қалаларының Халықаралық Ассамблеясы мен Еуразия халықтары Ассамблеясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Сурет: Inform.kz