Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Петропавлда агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша республикалық кеңес өткізді. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ішкі нарықты контрафактілік және қауіпті өнімдерден қорғау жұмыстарын күшейту қажеттігін мәлімдеді.
“Қазақстан – ДСҰ және ЕАЭО мүшесі.Ұлттық өндірушінің мүдделері, азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі әрдайым біздің басты басымдықтарымыз болуға тиіс. Атқарушы билік ішкі нарықты контрафактілік, қауіпті өнімдерден қорғау жұмыстарын күшейтуі керек”, – деді Тоқаев.
Республикалық кеңес аясында мемлекет басшысы Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын нығайту қажеттігін мәлімдеді.
“Тәуелсіздік жылдары біз 300 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тарттық. Ал, ауыл шаруашылығына инвестицияның тек 1% ғана бағытталған. Осы саланың инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай нығайту керек”, – деп атап өтті Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев “біз бәсекеге қабілетті болуымыз керек және коммерциялық және фискалдық жағдайлар сала немесе аймақ басшылығының ауысуына байланысты өзгере бермейтін жақсы жағдай жасауға дайын болуымыз керек”, – деп атап өтті.
Сурет: inform.kz